Павлодар облысында ең үздік педагогтар мен дарынды оқушыларға құрмет көрсетілді

23.12.2021
Павлодар облысында ең үздік педагогтар мен дарынды оқушыларға құрмет көрсетілді

М.М. Катаев атындағы Облыстық оқушылар сарайында 2021 жылғы 22 желтоқсанда Павлодар облысының білім жүйесін дамытуға ерекше үлес қосқан педагогтарды және «Тәуелсіздік ұланы» облыстық конкурсының жеңімпаздарын салтанатты құттықтау өткізілді. Марапаттау рәсіміне видеоконференцбайланыс арқылы бір мезгілде қала, аудан әкімдері мен шара жеңімпаздары қосылды.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов кездесу қатысушыларына өз құттықтау сөзін жолдады. «Дарынды балалар мен жастарды қолдау еліміздің білім саясатының басты бағыттарының бірі болып саналуда. Өз білімі мен талантының, табандылығы мен алғырлығының арқасында облыс оқушыларының жетістіктері үнемі жоғары деңгейде. Тәуелсіздік жылдарында біздің балалар әртүрлі зияткерлік жарыстарда 9000-нан астам медаль жеңіп алды», – деді өңір басшысы. Жиын барысында өскелең ұрпақтың өсіп-өнуі үшін аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарға да алғыс айтылды.


«Павлодар облысының білім жүйесін дамытуға үлес қосқаны үшін» төсбелгісі мен 2,9 миллион теңге мөлшеріндегі сыйлықақы өңіріміздің 10 педагогына берілді. Олар: дарынды балаларға арналған №3 гимназиясы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Мирошникова Н. В., облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының физика және математика пәндерінің мұғалімі Нургазина Г. Б., Павлодар қаласы Кенжекөл орта мектебі физика пәнінің мұғалімі Калиаскаров А. Ж., Павлодар қаласы №2 орта мектебі математика пәнінің мұғалімі Жунусова С. К., Ақтоғай ауданы М. Қайырбаев атындағы орта мектебі информатика және математика пәндерінің мұғалімі Кравчук Н. Н., Баянауыл ауданы Шадыра орта мектебі физика және математика пәндерінің мұғалімі Оразбекова А. Т., Павлодар қаласы балалар техникалық мектебінің мұғалімі Соц С. Ф., Шарбақты ауданы Хмельницкий орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Баталова С. К., Павлодар қаласы №11 бала-бақшасының әдіскері Шилова Н. Н., «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат» кешенінің арнайы пәндер оқытушысы Шлегель В. А.

Осы сыйлықақы облыста 2020 жылы жарияланған. Бүгінгі күні «Павлодар облысының білім жүйесін дамытуға үлес қосқаны үшін» төсбелгісімен өңіріміздің 69 ұстазы марапатталған.

Сонымен бірге, аймақта дарынды да талантты балалардың әртүрлі деңгейдегі шараларға қатысу арқылы өз қабілетін іске асыруға жағдай жасалуда.

Биылғы жылы алғаш рет облысымызда әртүрлі салада көрнекті қабілеттерін танытқан және қоғамдық-маңызды, батыл әрекет жасаған, өзге адамды құтқару үшін өз өміріне қауіп төндірген балаларға «Тәуелсіздік ұланы» бір жолғы ақшалай сыйлықақысы жарияланды. «Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысын талап ету конкурсына 1500-нан астам оқушы қатысты.


Конкурс қорытындысы бойынша «Тәуелсіздік ұланы» төсбелгісімен және 145850 теңге сомасындағы ақшалай сертификаттармен 300 бала марапатталды. Олардың ішінде: зияткерлік олимпиадалардың дипломдары мен медальдерін иеленген 100 оқушы, 85 жас спортшы, шығармашылық байқаулардың марапаттарына ие болған 79 оқушы, кәсіби шеберлік саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген 14 колледж студенті және қоғамдық-маңызды, батыл әрекет жасаған 22 бала. Өзге адамды құтқару үшін өз өміріне қауіп төндіріп, ерлік іс жасаған төрт оқушыға «Тәуелсіздік ұланы» сыйлықақысы конкурстан тыс берілгенін атап өткен жөн.


Сыйлықақы иегерлері өз әсерлерімен бөлісіп, облыс басшылығына жас ұрпаққа қолдау көрсеткені үшін алғыстарын білдірді және ел егемендігінің 30-жылдығымен құттықтады.