Павлодар облысында республикалық «INNOVATION» хакатонының жеңімпаздары анықталды

30.05.2025
Павлодар облысында республикалық «INNOVATION» хакатонының жеңімпаздары анықталды

Павлодар қаласындағы Ақпараттық технологиялар колледжі базасында жылдың басты технологиялық іс-шараларының бірі — республикалық «INNOVATION» хакатоны өз мәресіне жетті. 29–30 мамыр күндері өткен бұл шараға еліміздің 14 облысы мен республикалық маңызы бар 3 қаласынан келген 27 мықты команда қатысты. Байқауға колледж студенттері мен түлектері, сондай-ақ жас ІТ мамандар қатысты.

Хакатон Еңбек мамандықтары жылы аясында Павлодар облысы әкімдігі, ҚР Оқу-ағарту министрлігі, «Talap» КЕАҚ, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі және «Astana Hub» халықаралық технопаркінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Қатысушылар екі күн бойы шабытты идеялардан бастап соңғы презентацияға дейін цифрлық шешімдер әзірлеп, бірегей жобалар ұсынды. Жұмыстар он негізгі критерий бойынша бағаланды: инновация, функционалдық, UX/UI-дизайн және практикалық маңыздылық.

Павлодар облысы әкімдігі хакатонның жүлде қорына 3,5 миллион теңге бөлді.

2025 жылғы «INNOVATION» хакатонының жеңімпаздары:

1-орын — Goodbalalar командасы (Павлодар қаласы, Павлодар облысы);

2-орын — Битый байт (Щучинск қаласы, Ақмола облысы) және CyberKumbez (Алматы қаласы) командалары;

3-орын — BlinkXES (Павлодар қаласы), Aviola (Орал қаласы, БҚО) және Caspian Students (Алматы қаласы) командалары.

Сонымен қатар арнайы номинациялар бойынша келесі командалар марапатталды:

«Үздік техникалық шешім» — Warlock командасы (Қонаев қаласы, Алматы облысы);

«Дизайн шеберлігі» — CreaTeam (Алматы қаласы);

«Үздік командалық үйлесім» — ATV Alliance (Астана қаласы);

«Инновациялық жоба» — DivSync (Павлодар қаласы);

«Үздік команда жетекшісі» — Edgerunners (Өскемен қаласы, ШҚО);

«Креативті шешім» — ORDA (Қызылорда қаласы).

Жобаларды ҚР Оқу-ағарту министрлігі, ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және жеке ІТ-компаниялар өкілдерінен құралған бес адамнан тұратын білікті қазылар алқасы бағалады.

Барлық қатысушылар, тәлімгерлер мен команда жетекшілері сертификаттармен марапатталды, ал жеңімпаздар дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.